Мектеп тарихы

         Еліміздің төрінде орналасқан өнер ордасы №1 Балалар музыка мектебі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің төл құрдасы. Осы өнер шаңырағының шығармашылық және ғылыми өсу жолы Астаналық  балалар мен жасөспірімдердің  музыкалық, эстетикалық дамуын қалыптастыруда, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына жағдай жасайда, шығармашыл, еңбекқор, ұлтжанды, ішкі жан дүниесі бай, патриот тұлға тәрбиелеуде атқаратын ролі зор. Көп жылдар бойы жұмыс барысында кездескен кемшіліктер мен қиыншылықтарға мойымай мектеп тағдырымен біте қайнасқан педагогтар ұжымы мен оқушыларымыздың қол жеткізген жетістіктері мен келешектегі орындалатын жұмыстары, қалалық көлемдегі мәдени іс-шараларды өткізу, сапалы музыкалық білім беру, музыка арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу, түрлі бағытта шығармашылық байқаулар ұйымдастырудың тәрбиелік мәнінің құндылығын білдіретін дәлел - бұл  жоғары нәтиже. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, ұлттық салт-дәстүрді қастерлеп, құрметтеуге үйрету, патриоттық, шығармашылық бағытта жан -жақты дамыту, ұлттық өнерге баулу біздің мектебіміздің атқаратын қызметтерінің басым бағыттары.  1991 жылы 9 қыркүйекте Целиноград қаласының   атқару комитеті халық депутаттары кеңесінің шешімімен алғаш мемлекеттік тілде білім беретін №4 қазақ музыка мектебі  ашылды. Мектеп директоры  Сүлейменов Оспан Сүлейменұлы  тағайындалған. Халық аспаптар және фортепиано бөлімінде 50-ге жуық оқушы  дәріс алды. 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңінде ұзақ жылдар бойы 1992 жылдан  мектеп директоры Сәулеш Төлегенқызы Канапиеваның бізге көрсеткен жанашырлығы мен қамқорлығының аясында шығармашылық ұжым мен шәкірттерімізді сақтап қалдық. Алғашқы жылдары кездескен қиындықтарды жасырып керегі жоқ сияқты. Ғимарат жоқ, аспаптар жеткіліксіз, оқу кабинеттер саны аз, материалдық тұрғыдан толық жабдықталмаған.

        Алғашқы білім бастауына өзінің зор үлесін қосқан мұғалімдерді атап өтсек,ол Сүлейменов О.С. Омарова Э.Б., Омаров Б.Ж, Мукжанова Г., Набиев М.А.,Иманов Қ., Камиев Т.К., Әміржанова А.  Нағыз мұғалімге тән қасиетімен дараланған сол жылдары зор үлес қосқан жас мұғалімдер Сарина Г.Р., Бексеитова З.Т, Әлпейісова Г.Т(алғашқы домбыра сольфеджио мұғалімі), Жанайдарова Ж.А, Майкибаева Г., Омарова Д.К. Мырзақұлова  Ү.Ж., Байтұяққызы К.,  Исинтаева  Ж. М., Оралбаева  Қ. С., Барболова С.Е., Шайхина А. С.

      2000 жылы мектебімізге жеке ғимарат берілді.  Астана қаласы әкімінің қолдауымен мектептің ішкі келбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жаңартылды. Заман талабына сай жаңа көрнекі құрал, жаңа үлгідегі техникалармен жабдықталды.  Оқушылар саны көбейіп түрлі аспаптардан сыныптар ашылып жаңа өзгерістер мен жаңалықтар енгізілді.

      2008 жылы 15 қыркүйекте  №22-1071 қ «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір «мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарының атауларын өзгерту туралы» Астана қаласының әкімі қаулысы бойынша «№4 қазақ музыка мектебі» «№1 балалар музыка мектебі» болып өзгертілді. Уақыт өте келе   мектептер, лицейлер, гимназиялар, Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, АҚШ елшілігі, педагогикалық колледж, Президент музейі, «Дарын» орталығы, бұқаралық ақпарат құралдары, Тілдерді дамыту басқармасы, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнады.

 

     Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұрасы. Үшінші мыңжылдықта жастар қандай болуы керек? деген сұрақ әрбір саналы адамды ойландыратыны сөзсіз. Сондықтан да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халқымыздың алдына ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек деген жауапты міндет қойып отыр. Әрине,  мектеп педагогтары да осы міндетті атқаруда орасан зор үлес қосуда. Жеке сабақ түрлері арқылы әр оқушыны,  соның ішінде дарынды оқушыларды терең де, жан-жақты зерттеп, нақты жұмыс әдістерімен жұмыс жүргізіле бастады. Ұлт аспаптар оркестрі, фольклорлық ансамбль, домбырашылар ансамблі, скрипкашылар ансамблі, қобызшылар ансамблі, би тобы құрылды. Алуан түрлі кештер, тақырыптық сынып сағаттары, лекция-концерттер, кездесулер, қалалық, республикалық, халықаралық көлемдегі түрлі байқаулардағы жоғары нәтижелер, мерекелік концерттер, тыңдаулар  педагогтардың үлкен шеберлік пен кәсібилік және шығармашылығының жемісі. Сонымен бірге мектеп ұжымының алға қойған негізгі міндеттері оқушылардың музыкалық қабілеттері ести білу, есте сақтау, ырғақтық сезімдерімен қатар, танымдық, талғамдық қасиеттерін, музыкалық ойлау, елестету, эмоционалды түсіну сезімдерін қалыптастыру, эстетикалық талғамын дамыту, жалпы адамзаттық құндылықтарға баулу, рухани байлығын, ұлттық музыка деген сүйіспеншілігін арттыру күннен күнге өз нәтижесіне  жетуде. Оқушылардың бос уақытын  тиімді пайдалану, қамту мақсатында №34, №37, №40, №49, №58, №65, №66, №67, №68, №72  және Назарбаев интеллектуальды мектептерінде филиалдар қарқынды жұмыс жүргізуде.

 

“№1 балалар музыка мектебі” ШЖҚ МКК © 2018-2024

Айтып біз туралы

Байланыс ақпараты

Мекен-жайы: Астана қаласы, Желтоқсан, 36

Телефон: +7 (7172) 31-43-86

E-mail: dmsh1astana@mail.ru

Сайтта кім

Сейчас на сайте 70 гостей и нет пользователей